Италия құрамасының баспасөз қызметі спортшының әлеуметтік желілердегі танымалдығын атап өтіп, Сабина клубтың «бет-бейнесі» болатынын айтады

Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова италиялық "Волалто Казерта" командасымен келісімшартқа отырды.

Енді Алтынбекова келесі маусымда италиялық әйелдер бас лигасының А сериясында ойнайды. Оның келісімшарты екі маусымға жасалды.

"Алтынбековамен келісімшартқа қол қоюға спорт компонентінен басқа оның әлеуметтік желілердегі үлкен аудиториясы да себеп болды. Соның арқасында Сабина команданың "бет-бейнесіне" айналып, имиджін қалыптастырады", – деп хабарлады Италия құрамасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Алтынбекова 2019 жылдың желтоқсан айында арабиялық "Аль-Васл" командасына ауысқан, бірақ жарақатына байланысты өнер көрсеткен жоқ. Ал оған дейін қазақстандық волейболшы "Алматы" командасы мен жапондық GSS Sunbeams клубында ойнаған.

Сабина Алтынбекова – 23 жасар қазақстандық волейболшы. Ол 2014 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатынан кейін танымал болды. Қытайлық БАҚ-тың волейболшы қызға назары ауып, бірнеше күнде оның фотосы әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. Бұл жағдай Сабинаға мыңдаған жанкүйерлер тобын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта Сабина Алтынбекованың Instagram парақшасында миллионға жуық жазылушысы бар.